Еуропадағы ең көп жалақыны Германия бас бапкері Юлиан Нагельсманн алады екен
Ресейлік маман Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағалы бері біздің елде оған сын айтып, мін тағушылар көбейді. Оның кәсібилігі өз алдына, алатын жалақысына қатысты да резонанс туғаны есте.
Черчесов Қазақстан құрамасына бас бапкер болып биыл 3 маусымда тағайындалды. Сол сәтте қоғамда оның жылдық жалақысы 1,2 млн еуро болатыны туралы бейресми ақпарат тарады. Алайда, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов арнайы мәлімдеме жасап, ресейлік маманға бюджеттен жалақы төлемейтінін, оның өзі жұрт айтқандай көп емес екенін айтқан болатын. Десе де, Бәрменқұлов Черчесовтың нақты қанша ақша алатынын сол күйі мәлімдеген жоқ.
Бір қызығы, Қазақстан УЕФА-ға мүше болса да не футболшылардың, не бапкерлердің, не төрешілердің жалақысы туралы ақпаратты ашық ресурстарда жарияламайды, барынша құпия ұстайды. Ал, Еуропаның өзге елдерінде бұл ақпарат ашық және қолжетімді. Сондықтан, бүгін «кәрі құрлықтың» грандтарын жаттықтырып жүрген бапкерлердің қанша жалақы алатыны туралы ақпарат беріп, оны Станислав Саламұлының жылдық табысымен салыстырып көрмекпіз.
Иә, Черчесовтың қанша алатыны ресми белгілі болмаса да, белгілі саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-каналында бұл цифраны 1,2 млн еуро деп көрсетті.
Грузия. Вилли Саньоль — € 200 000
Француз маманы биыл грузиндерді Еуропа чемпионатына алып шығып, топтық кезеңде сенсация жасағаны мәлім. Түркия құрамасына ұтылғанына қарамастан Грузия Чехиямен тең ойнап, артынша Португалияны 2:0 есебімен ұтты. Плей-офф кезеңіне шығып, Испаниядан жеңілді.
Осындай білікті бапкер жылына небәрі 200 мың еуро жалақы алады.
Словения. Матьяж Кек — € 300 000
Биыл Ұлттар лигасының топтық кезеңінде Қазақстанмен екі рет ойнап, екеуінде де жеңген Словения да бас бапкеріне бізбен салыстырғанда әлдеқайда аз төлейді. Матьяж Кектің жылдық жалақысы – 300 мың еуро.
Польша. Михал Пробеж — € 560 000
Әйгілі Левандовски мен Зелиньски ойнайтын Польша құрамасы да Еуропа грандтарының қатарында десек артық айтқандық емес. Поляктар Еуропа мен Әлем чемпионаттарына тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл құраманы жаттықтыратын бапкер Михал Пробеж жылына 560 мың еуро жалақы алады.
Дания. Каспер Юльманн — € 1,15 млн
Каспер Юльманн Данияны 2020 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін алып шығып, сенсация жасаған болатын. Биылғы ЕУРО-да 1/8 финалға шығып, азулы Германия құрамасына жол берді.
Испания. Луис де ла Фуэнте — € 1,25 млн
Әлем және Еуропа чемпионы – Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте Қазақстанның бас бапкері Станислав Черчесовтен сәл-ақ көп жалақы алады екен (Еділовтің таратқан ақпараты рас болса).
Хорватия. Златко Далич — € 1,5 млн
ФИФА рейтингінде 8-орында тұрған Хорватия құрамасын Златко Далич 2017 жылдан бері жаттықтырып келеді. Ол Ресейде өткен әлем чемпионатында команданы финалға дейін шығарса, Катардағы мундиальда үшінші орынға ие болды.
Аустрия. Ральф Рангник — € 1,5 млн
Күні кеше Қазақстан құрамасын өз алаңында 4:0 есебімен ойсырата жеңген аустриялық құрама Еуропа чемпионатында айтарлықтай жетістікке жеткен. Франция мен Нидерланды командаларымен бір топқа түскен Рангник шәкірттері плеф-офф кезеңіне бірінші орынмен шығып, 1/8 финалда түріктерден жеңіліп қалды.
Түркия. Винченцо Монтелла — € 1,8 млн
Италиялық маман Түркия құрамасын 2023 жылдан бері жаттықтырып келеді. Ол түріктерді Еуропа чемпионатына алып барып, плей-офф кезеңіне қиындықсыз алып шықты.
Ұлттар лигасының өткен маусымында Қазақстан құрамасы да сәтті өнер көрсеткен. Біздің елдің футболшылары C дивизионында үшінші орын алды және Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін таласты. Ол кезде Қазақстан құрамасын Магомед Адиев жаттықтыратын. ҚФФ оның да жалақысын ресми айтқан емес.