Станислав Черчесовтің қақпашы кезіндегі видеосы желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды (ВИДЕО)

Редактор
15.10.2024, 14:03

Жанкүйерлер Черчесовтің бапкер ретінде де жарытпайтынын айтып жатыр

Видеодан кадр

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің ойыншы кезінде алаңдағы қателігі туралы бейнежазба жанкүйерлердің қызу талқысына түсті.

Кезінде "Спартак", "Локомотив", "Динамо", "Троль" клубтарында қақпашы болған Черчесов кезекті матч кезінде айып алаңына келген допты күтіп алу барысында оңбай қателікке ұрынады. Ол допты аяқпен тоқтатып, бірнеше рет ауада көтере теуіп, алаңның ортасына асырмақ болғанда шабуылшының бірі допты қақпаға дәл соғып кеткен.

Ойыншы ретінде мұндай өрескел қателікке жол берген Черчесовті жанкүйерлер бапкер ретінде де жарытпайтынын айтып, сынға алды.

Ол биылғы маусым айында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді. Алайда Черчесов келгелі ұлттық құрама жеңілістен көз ашпады. Армения, Әзірбайжан, Словения, Аустрия құрамаларына жол берді.