«Құрылысқа барып жұмыс істесін». Черданцев қазақша сұрақ қойған Амангелді Сейітханның ұлын сынады

Редактор
17.10.2024, 17:40

Комментатор қазақстандық әріптесінің әрекетін іріткі салу деп санайды

Коллаж 1bol.kz

«Матч ТВ» комментаторы Георгий Черданцев футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовпен болған жайтқа қатысты пікір білдірді.

Комментатор қазақстандық әріптесінің әрекетін іріткі салу деп санайды.

«Бұл жерде таза іріткі салу екені анық. Сұрақ қойып тұрған адам орысша біледі. Сондағы оның мақсаты не? 61 жастағы еңбек сіңірген адамның шет тілін үйренгенін қалай ма? Оны Қазақстанға басқа мақсатпен шақырған. Федерацияның пресс‑атташесі бұл мәселені шешуі керек еді, жанына аудармашы қойып қоймай ма?! Манчиниге де сұрақты араб тілінде қоятын шығар, бірақ оған аударып береді. Егер сен журналист болсаң, онда сен кем дегенде ағылшын тілін білуің керек. Әйтпесе бұл мамандықта не істеп жүрсің? Журналистің шет тілін білмеуге құқығы жоқ. Бұл журналистика емес, таза іріткі салушылық. Одан да әлгі журналист құрылысқа барып жұмыс істесін. Егер ол соншалықты патриот болса, онда баспасөз конференциясына неге шетелдік клубтың жейдесін киіп келді? Өз елінің жейдесін киіп келмей ме, — деді Черданцев «Матч ТВ-да».

Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін маусым айында ұстаған.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.