Ол сондай-ақ, Станислав Черчесов пен легионер ойыншылардың жалақысы туралы ақпаратты ашық көрсетуді талап етті
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен бас прокурор Берік Асыловқа қазақ футболына қатысты сауал жолдады.
Сенатордың айтуынша, соңғы кездері қазақ футболы төңірегінде дау мен материалдық шығын көбейіп кеткен. Ал, одан халыққа тиіп жатқан пайда болмаған.
«Биылғы ел чемпионаты ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең даулы маусымның бірі ретінде тарихта қалатын сияқты. Мысалы, соңғы минуттарда белгіленген пенальти арқылы тағдыры шешілген «Атырау» - «Ақтөбе», «Атырау» - «Астана» футбол клубтары арасындағы матчтар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйтсе де, жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырған төрешілер туралы шешім қабылданғанын көрмедік. Селт еткен федерацияны да байқамадық. Мұнда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық жатқан жоқ па? Қазіргі таңда федерация аясындағы матчтарға 155 төреші қызмет етеді екен. Алайда, оларды оқыту бағытындағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Әлем чемпионатында төрелік ететін бір төреші шығара алмауымыз – соның көрінісі», - дейді Дархан Қыдырәлі.
Ол кезінде бізбен деңгейлес болған Грузия мен Өзбекстан балалар футболын қолға алып, қазір бізден озып кетті дегенді айтып отыр. Алғашқысы Еуропа чемпионатына қатысса, кейінгісі Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен.
«Елімізде осы 30 жылда екі стадион ғана салынған екен. Алайда, қомақты ақшаға салынған ол стадиондардың да жағдайы мәз болмады. Түркістандағы арена бір матчтан кейін қайта күрделі жөндеуден өтті. Елдегі көп стадиондар ескі, УЕФА талаптарына сай емес», - дейді сенатор.
Сосын Станислав Черчесовтің айлығына да қатысты айтты. Федерация мұны кімнен жасырады деп ашынды.
«Легионерлердің де айлығы белгісіз. Биыл олардың санына шектеу алынып тасталды. Кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді. Саны көп болғанымен сапа да шамалы болып тұр. Премьер-лигада биыл 13 команда болса, келесі маусымда 16-ға көбейтуі мүмкін. Бұл кейбір командаларды сақтап қалу үшін бармақ басты әрекет емес пе? Федерацияның жылдық бюджеті 10 миллиард теңгені құрайды екен. бірақ ашықтық жоқ. Қайда жұмсалып жатқаны түсініксіз», - дейді Дархан Қыдырәлі.
Депутат осы ретте елде футбол туралы заң қабылдауы керек деп отыр.