Зайнутдинов пен Айымбетов Қазақстанға келмеуі тиіс – Самат Смақов

Редактор
08.11.2024, 12:23

Самат Смақов Зайнутдиновтің өте еңбекқор екенін атап өтті

Sports.kz

Түркияның Суперлигасында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық Бақтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов Қазақстанға оралмауы тиіс. Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Самат Смақов "Бірінші бол" тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

«Түркия чемпионатының деңгейі өте жоғары. Егер сен жекелей көрсеткіштер бойынша оқ бойы озық тұрсаң, онда алаңға шығасың. Бахтиер Зайнутдинов Түркияның топ клубында ойнайды. Ол жақта кілең жұлдыздар жиналған. Оның үстіне, Баха да легионер, тиісінше оған қойылатын талап мүлде бөлек. Бірақ Баха басқа көрсеткіштер бойынша мықты. Ол тәртіпке бағынатын, команда үшін ойнайтын футболшы, сенімді қорғаушы. Оны қорғаныс шебіне түсіріп жатқаны да сондықтан, ал шабуылда басқа қабілеттер керек», - дейді ол.

Самат Смақов Зайнутдиновтің өте еңбекқор, өзіне өте талапшыл футболшы екенін атап өтті. 

«Екеуміз жиі сөйлесіп тұрамыз, Түркияға барғанда да кездесеміз. Бірақ ол жақта легионерлерге талап бөлек, сен шетелден келдің бе, онда жұлдыз болуың керек. Басқа клубқа кетемін десе, Түркиядағы ортаңқол командалардың біріне немесе еуропалық клубқа барғаны дұрыс. Өзіне де соны айтқанмын. Ресейге де, Қазақстанға да оралудың қажеті жоқ. Ресейге келсе, екі жыл топ клубта ойнар, сонан соң басқа орташа ұжымға жалға беріледі, тағы екі жылдан соң Қазақстанда жүреді. Бұған күмәнім жоқ. 

Абат Айымбетов екеуінің оралғандарын қаламаймын. Абатқа да оңай еместігін білемін, ол жақта бәсекелестік жоғары ғой, менмін деген футболшылармен иық тірестіріп ойнап жүр. Алаңға жиі шықпаса да, барын салып жатыр. Түркиядан кетемін десе, Словакия, Чехия чемпионаттарына барсын. Мысалы, Рамазан Оразов өте дұрыс істеді. Қазақстанға оралдым дегенше, футболмен қоштастым дей берсін. Иә, елімізге немесе Ресейге келсе, банктен жалақыға қатысты келетін хабарламада бір нөл артық болар, алайда сіз футболмен қоштасасыз. Бұл жерде әркім таңдауды өзі жасайды: не футбол, не ақша», - деді Самат Смақов.