Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс бастағалы ресейлік спортшыларға да жаппай санкция салынды
Желтоқсан айында футболдан 2026 жылы Америка құрлығында өтетін әлем чемпионатының Еуропа аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Бірақ жеребе тарту рәсіміне УЕФА Ресей құрамасын қоспады.
УЕФА-ның құжатында іріктеу кезеңінде 192 матч болатыны жазылған. Яғни бұл дегеніміз жеребеге 54 құрама қатысады дегенді білдіреді. Негізі УЕФА-ға 55 ел мүше.
Жеребе тарту рәсімі 13 желтоқсанда Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Еуропадағы іріктеу турнирі 2025 жылдың наурызында басталып, 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.
2022 жылдың көктемінде ФИФА мен УЕФА Халықаралық Олимпиада комитетінің ұсыныстарын ескере отырып, Ресей құрамасын, сондай-ақ барлық ресейлік клубтарды осы ұйымдар бақылайтын барлық жарыстарға қатысудан шеттету туралы шешім қабылдады. Ресей футболшылары 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі плей-офф кезеңінен бастап, жарыстардан тыс қалды. Катарда өткен әлем чемпионатына, Германиядағы Еуропа біріншілігіне қатыса алған жоқ. Бұған себеп – Ресей әскерінің Украинаға басып кіріп, басқыншылық соғыс жүргізуінде.
Ал, Ресей құрамасы мен клубтары уақытша шеттетілгеннен бері тек жолдастық кездесулер өткізді.