«Черчесовты қуып шығар едім»: ұлттық құраманың экс-ойыншысы бас бапкерге қатысты ойын айтты

Редактор
Бүгін, 10:05

Отандық жанкүйерлер де бас бапкердің отставкасын бұған дейін талап еткен

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаев euro-football.ru тілшісіне берген сұхбатында команданың қазіргі жайына қатысты ойын айтты.

Айта кетейік, Станислав Черчесов бас бапкер болғалы Қазақстан құрамасы ресми алты матч өткізіп, оның бесеуінде жеңілді және ешбір ойында гол соғып көрген жоқ. Бұл масқарадан кейін жанкүйерлер бас бапкердің отставкасын күткенімен, Черчесов кету былай тұрсын, келер жылға жоспар түзгенін мәлімдеді.

Ұлан Қонысбаев болса ұлттық құрамаға мұндай бапкердің қажеті жоқ екенін айтты.

«Егер маған мүмкіндік берсе ең бірінші кезекте ұлттық құрамадан Черчесовты қуып шығар едім. Командада не болып жатқанына қарағанда, ойын нәтижелеріне қарағанда ешкімде «неге» деген сұрақтың туындамайтыны анық», - деп жауап берді Қонысбаев.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Черчесовпен бірге Ұлттар лигасының B дивизионында өнер көрсетіп, топтағы соңғы орынды иеленді. Келер жылы біздің команда C дивизионында өнер көрсетеді.

Ал, Ұлан Қонысбаев болса Қазақстан құрамасында 2011-2016 жылдар аралығында ойнаған. Ол барлығы 32 матч өткізіп, үш голмен көзге түсті.