«Сөздерімді әдейі бұрмалады». Қонысбаев ресейлік БАҚ-ты айыптады

Редактор
23.11.2024, 20:42

Ол ресейлік басылымның сұхбатты бұрмалағанын айтады

Видеодан кадр

Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаев құраманың бас бапкеріне қатысты айтқан сөздерін түсіндірді.

Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында ресейлік басылым өзінің сөздерін бұрмалағанын тілге тиек етті.

«Станислав Черчесов жайлы айтқан сөздерім оның жұмысына ғана қатысты болып еді. Өз басым жеңіліске өзі жауапты деп санаймын. Алайда ресейлік Euro-football порталы менің сөздерімді бұрмалап, тіпті мені құраманың ойынын сынап жатқандай етіп көрсетіпті. Олардың «Черчесовтің отставкаға кетуі мүмкін бе?» деген сауалына мен: «Құрамамыздың соңғы нәтижелеріне қарап сұрағыңыздың жауабы онсыз да анық шығар», - дедім. Соған қарамастан портал менің пікірімді өзгертіп, құрама мен өзім дос ретінде жақсы араласатын, жеке білетін футболшыларды кінәлағандай етіп көрсеткен. Ресейліктер өз отандастарын қорғау үшін сөздерімді әдейі өзгерткенін жоққа шығармаймын. Футболшыларымыздың кәсібилігін ерекше құрметтеймін және соңына дейін жанкүйер боламын», - деді Қонысбаев.

Айта кетейік, Станислав Черчесовтің басшылығымен Қазақстан құрамасы В лигасында соңғы орын алды.