«Қайрат» ел чемпионы болғаннан кейін 5 ойыншысы клубтан кетіп қалды

28.11.2024, 13:13

Олардың қатарында қақпашы да бар

Қайрат ФК

«Қайрат» футбол клубы биыл ел чемпионы атанғаннан кейін команда сапынан бірден бес ойыншы кететіні белгілі болды. Олардың бәрінің клубпен келісімшарт мерзімі аяқталған.

Атап айтқанда, үш бірдей жартылай қорғаушы Арсен Буранчиев, Андрей Ульшин, Дмитрий Сергеев, сонымен қатар шабуылшы Вячеслав Швырев пен қақпашы Данил Усименко жаңа маусымда «Қайрат» сапында ойнамайды.

Арсен Буранчиев алматылық клубта 10 жылдан астам уақыт жаттыққан. Бірақ команда сапындағы негізгі дебютын 2020 жылы «Қызылжарға» қарсы ойында жасады. Осы уақыт аралығында Арсен 66 матч өткізіп, 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.

Андрей Ульшин де клуб түлегі. Ол дебютын 2020 жылы жасап, мансабында 81 матч өткізіп, 9 рет гол соғып, 9 нәтижелі пас береген.

Ресейлік 24 жастағы Дмитрий Сергеев клубқа 2023 жылдың басында қосылды. Бір жыл ішінде 53 матч ойнап, 6 рет гол соғып, 6 нәтижелі пасы болған.

Шабуылшы Вячеслав Швырев – клуб түлегі. Небәрі 17 жасында 2018 жылы «Қызылжарға» қарсы ойында дебют жасаған. Арада бір ай өткен соң «Оқжетпестің» қақпасына алғашқы голын соқты. Ол «Қайрат» құрамында 114 матч өткізген.

Данил Устименко да бала кезінен клуб жүйесінің барлық деңгейінен өткен академия түлегі. Кейін негізгі құрам сапына қосылды. «Қайратта» дебютын 2020 жылы премьер-лиганың 3-турындағы «Жетісуға» қарсы ойында жасады. Айтулы матчта қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Жалпы, команда сапында ол 74 матч өткізен.

Устименко «Қайрат» командасындағы екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған санаулы футболшылардың бірі. Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстан кубогын жеңген. 

Айта кетейік, биыл «Қайрат» футбол клубының құрылғанына 70 жыл. Айтулы дата қарсаңында алматылық команда ҚПЛ чемпионы атанды.

Материалда: