Матч 12 желтоқсанда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді
Лондонның «Челси» клубы қымбат бағаға билет алған қазақстандық жанкүйерлердің көңіл күйін түсіретін болды. Өйткені Алматыға «ақсүйектердің» негізгі құрамы емес, академиядағы жастары келмекші.
Dailymail.co басылымының жазуынша, УЕФА-ның сайтындағы хаттамада клубтың 11 түлегінің аты-жөні көрсетілген. Олар: Харрисон Мюррей-Кэмпбелл, Кайден Уилсон, Тайрик Джордж, Киано Дайер, Харрисон МакМахон, Самуэль Рак-Саки, Ато Ампах, Макс Меррик, Джош Ачемпонг, Шумайра Мхеука және Ричард Олисе.
«Челси» Конференция лигасының топтық кезеңін бастағанда жастардан Ачемпонг, Дайер, Джордж, МакМахон және Меррик ғана болған. Енді тізімге басқаларын да қосты.
Айта кетейік, күні кеше «Астана» мен «Челси» арасындағы матчтың қалған билеттері сатылымға шыққан болатын. Әлеуметтік желіде жанкүйерлердің 50 мың теңгеге билет сатып алып жатқаны туралы ақпарат тараған еді.
Еске сала кетейік, матч 12 желтоқсанда, сағат 20:30-да Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.