Бұған дейін екі кандидат сайлауға қатысудан бас тартқан еді
Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне сайлау жақындаған сайын үміткерлер саны азайып жатыр. Алғашында олардың саны алтау болса, қазір тек үшеуі қалды.
Бұған дейін Ерлан Жамантаев пен Наргис Мағау сайлаудан бас тартса, енді бүгін олардың қатарын Давид Лория толтырды.
«Бүгін мен көптеген адамды таң қалдыратын, кейбіреулердің көңілін түсіруі мүмкін шешім қабылдадым. Яғни, бұл – Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне өз үміткерлігімді алып тастау туралы. Бұл шешім кездейсоқ емес. Мен өз үміткерлігімді Марат Омаров үшін алып тастамақшымын. Себебі оның Қазақстандағы футболды дамыту жөніндегі көзқарасы мен тұжырымдамасы маған жақын келеді. Оның біздің футболымызды жаңа деңгейге шығара алатынына, бәрін біріктіріп, бүгінгі ғана емес, ұзақ мерзімді болашақта да қажетті бағытқа бағдар алатынына шын жүректен сенемін. Марат Омаровтың бойында осы мақсаттарға жету үшін барлық қажетті қасиеттер бар. Ең бастысы – ол футболды бала кезінен бері жақсы көріп, осы күнге дейін ойнап, қызығып, футболмен өмір сүріп келеді», - дейді Давид Лория.
Айта кетейік, ҚФФ-ның кезектен тыс XXVII сайлау конференциясы 2024 жылдың 20 желтоқсанында өтеді, онда федерацияның жаңа басшысы анықталады.