Станислав Черчесов отставкаға кететін болды – спорт журналисі

Редактор
23.12.2024, 19:54

Ол Қазақстан құрамасына келгелі бірде-бір матчта жеңбеген

ҚФФ

Қазақстандық танымал футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтің жақын күндері қызметінен кететінін мәлім етті.

Айта кетейік, ҚФФ президенті болған Әділет Бәрменқұлов мерзімінен бұрын отставкаға кеткен соң оның орнына жаңа басшы сайланды. Осыдан кейін қоғамда Черечсовтың отставкасы туралы да сыбыс тараған.

«Станислав Черчесов жаңа президенттің шешімімен қызметтен кететін болыпты. Орнына 2 қазақстандық және 2 еуропалық маманның кандидатурасы ұсынылған. Қазір заңгерлер Черчесовтың келісімшартын қалай үзсек деп зерттеп жатыр», - деп жазды Мәулен Telegram-каналында.

Айта кетейік, 20 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс президент сайлауы өтіп, 36 жастағы Марат Омаров сайланған болатын.

Черчесовпен келісімшартқа 2024 жылдың маусымында екі жылға қол қойылған. Бейресми ақпараттар бойынша егер келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылса, ресейлік бапкерге 1 млн еуро көлемінде өтемақы төленуі тиіс.