Черчесовтің отставкасы ҚФФ басшысының Тоқаевпен кездесуінен кейін нақты шешіледі – дереккөз

Редактор
24.12.2024, 09:06

Марат Омаровтың да бас бапкерге көңілі аса толмайтын көрінеді

Қазақстан футбол федерациясы

Футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен ұлттық құрама бапкері Станислав Черчесовтің кетуі мүмкін екенін жазған соң, қазақстандық және ресейлік БАҚ осы тақырыпты іліп кетті. Бірақ бас жаттықтырушының мәселесі федерацияға жақын жүрген адамдардың дереккөзі бойы қаңтар айының орта тұсында шешіледі.

20 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясына Марат Омаров есімді жаңа президент келді. Ол жұмысты аудиторлық тексерістен бастамақшы. Содан кейін қаңтар айындағы демалыстан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіріп, жоспарын таныстырады екен. Осыдан соң Станислав Черчесовтің мәселесін шешпек.

Дереккөздер федерация басшылығы жаңа мамандарды қарастырып жатқанын жоққа шығармайды. Өйткені ресейлік маманның жұмысына Марат Омаровтың да көңілі толмайтын көрінеді. Бірінші кезекте бұрынғы басшылық тұсында жасалған келісімшартты тексеріп алмақшы. Бейресми ақпарат бойынша Черчесовті мерзімінен бұрын босатса, федерация 1миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.