Қазақстандық шабуылшы Түркия Суперлигасында қатарынан үш матчта гол соқты
Футболдан Қазақстанның бас бапкері Станислав Черчесов ұлттық құрама шабуылшысы Абат Айымбетовті қазақ тілінде құттықтады. Түркия чемпионатында өнер көрсететін Абат қатарынан үш матчта гол соғып, сәтсіздіктер сериясын үзгендей болды.
Черчесовтың әлеуметтік желіде қазақша жазуы жаңалық болмас еді, егер… Егер ол бұған дейін қазақ тіліне қатысты бірнеше рет дауға ілікпесе. Бас бапкер болып тағайындалғаннан кейін өткізген ең алғашқы баспасөз конференциясында Станислав Саламұлы қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке «орысша сөйле» деп жекіген болатын. Ал, Франция құрамасының жейдесін киіп, қазақша сөйлеген өзге журналисті «сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба» деп мұқатқаны тағы бар.
Осындай дау-дамайдан кейін айыбын жуғысы келді ме, әлде расымен де мемлекеттік тілге құрметі артты ма, Станислав Черчесов Абат Айымбетовке қазақ тілінде жылы лебізін жеткізіпті.
«Абат қуантты! Ойыншыларымыздың еуропалық чемпионаттардағы жетістіктерін ұдайы бақылап отырамын. Кеше шабуылшы Абат Айымбет Түркиядағы чемпионатта «Адана Демирспор» сапында гол салды. Бұл оның үшінші матчтағы үшінші голы. Міне, бүгін Абатқа қоңырау соғып, жетістігімен құттықтадым. Осы қарқынды төмендетпеуіне тілектестік білдірдім. Ол дарынды жігіт, болашағы алда. Жарайсың, бауырым!» - деп жазды бас бапкер.
Айта кету керек, Черчесовтың отставкасы туралы соңғы бірер күнде сыбыс тарауда. ҚФФ-ға жаңа президент сайланғаннан кейін оның қызметтен кететіні туралы отандық БАҚ-тар жарыса жазды. Бұған әрине, тіл мәселесінің қатысы жоқ. Ресейлік маман Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағалы бер команда бірде-бір рет жеңіске жетпеген. Жеңіске жету былай тұрсын, алты ойын өткізіп, қарсылас қақпасына бірде-бір гол соқпаған.