Ол ресейлік басылымға сұхбат берген
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің отставкаға кететіні туралы бұған дейін бірнеше рет жазылған болатын. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал, ресейлік маманның өзі болса осынау сыбысқа қатысты бүгін пікір білдірді.
«Спорт Экспресс» басылымына сұхбатында Станислав Черчесов дәл қазір ешқандай жаңалыққа таң қалмайтынын айтты.
«Түкке таң қалмайтын жағдайға жеткенмін. Біріншіден, біреулердің болжамына, өсегіне емес, фактілерге ғана иек артамын. Екіншіден, мұндай ақпаратты жоққа шығару немесе растау Қазақстан футбол федерациясының құзырындағы дүние. Федерация сейсенбі күні мәлімдеме жасап, бас бапкер Станислав Черчесов екенін айтты. Сондықтан қазір наурызда басталатын әлем чемпионатына іріктеуге қатысты мәселелермен айналысып жатырмын», - деді бапкер.
Сонымен қатар, ол федерацияның жаңа президенті Марат Омаровпен әлі сөйлесіп үлгермегенін алға тартты.
«Әзірге сөйлескен жоқпын. Жаңа басшының өз кестесі болуы керек. Дегенмен, міндетті түрде сөйлесуіміз қажет. Себебі әлем чемпионатына даярлықтан бөлек тағы талқылайтын мәселелер бар. Футболда уақыт тез өтеді», - деді Черчесов.
Айта кету керек, Қазақстан футбол федерациясына 20 желтоқсанда Марат Омаров президент болып сайланды.