Сонымен қатар ол өзін «жұмыстан қуу керек» дегендерге де жауап берді
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов «Спорт Шредингера» басылымына сұхбат беріп, даулы мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берген. Бапкер көпшіліктің ашуын туғызған баспасөз конференцияларынан соң қандай қорытынды жасағанын айтты.
«Футболды өз көзіңізбен көруді жалғастыра беріңіз, өз жұмысыңызды жалғастырыңыз. Бір қазанда екенбіз деп иілудің қажеті жоқ. Кейде белгілі бір елдің туының астында тұрғанда, сол туды қолдау керек. Бұл өте маңызды сәт. Мен 61 жастамын және Қазақстан құрамасынсыз-ақ титулдарға қол жеткіздім, дәл сол секілді Қазақстан да менсіз жетістіктерге жетті. Егер бізді тағдыр қосса, онда бұл сәтті тиімді пайдалану керек. Солай емес пе»? – деді маман.
Сонымен қатар ол өзін «жұмыстан қуу керек» дегендерге де жауап берді.
«Жұмыстан қуу» деген – бұл қайта мақтау сөз. Себебі ату керек, түрмеге қамату керек деген сияқтыларды естідім. Теңеулер көп болды», - дейді ол.
Бас бапкер құрама айналасында сынның көптігін қалай қабылдайтынын да жеткізді.
«Өз басым уайымдамаймын. Бапкердің уайымдауға құқығы жоқ. Уайымдаған сәттен бастап ол жанкүйерге айналады. Бұл жерде сәтсіздіктерге қатысты дұрыс сараптама жасай алу маңызды. Мен келгенге дейін құрама бес ойында ұтылды. Норвегияға емес, Люксембург, Әзірбайжан және Армения секілді құрамаларға есе жіберді. Бәсекелестік жоғары лигада ойнап жатқанда, бапкер ненің маңызды екенін түсінуі қажет: бір голға артық соғу ма, бір ұпайды артық иелену ме немесе өзгерістер жасап, соны сараптау ма?» - деді Черчесов.
Бас бапкер құрамада әлі де өзгерістер болатынын, ешқандай ойыншыға кепілдік берілмейтінін қоса кетті.
«Мысалы, соңғы матчта Шацкий емес, Покатилов ойнады. Щацкий бірінші лигаға ауысты, енді оның ойынын бақылап отырамыз. Ол соңғы жылдары ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болды. Енді біз «қақпада кім тұрады?» деп алаңдамаймыз. Покатилов соңғы бірнеше жылда ұлттық құрамада ойнамаса да, ол өзін көрсетті, біз оның не істей алатынын білдік. Өзі де сезінді, халық та көрді, команда да түсінді. Бұл оның алдағы уақытта міндетті түрде ойнайтынын білдірмейді. Біз бүгін ешкімге кепілдік бере алмаймыз. Оның үстіне ол қазір клубсыз жүр», - дейді ол.
Сонымен қатар маман сынайтындар қай кезде де табылатынын, сондықтан ондай сөздерге сабырмен қарауды үйренгенін алға тартты.
«Тағы бір мысал – Әділбек Жұмаханов пен Ғалымжан Кенжебек алаңға шықты. Исламбек Қуат пен Абзал Бейсембеков «Астанадан» кетіп жатыр, қайда баратыны белгісіз. Ал бізге Уэльспен ойнағанда бәрін басынан бастамай, дайын болуымыз керек. Егер бапкер тек өзін ойлап, сын естімеу үшін әрекет етсе, бұл дұрыс болмайды. Айтпақшы, сынайтындар әрқашан табылады. Мәселен, 2:0 есебімен жеңсеңіз де, «неге үшінші голды соқпадыңдар?» деп айтатын жандар да табылады. Бұл – қалыпты жағдай. Мен оны жақсы түсінемін және оған сабырмен қараймын. Тек сын шынайы әрі кәсіби болуы керек. Жай ғана біреудің өзін көрсету үшін сынауы дұрыс емес. Кез келген сыннан пайдалы нәрсе алу – менің міндетім. «Мені сынады, демек ол жаман адам» деп өкпелейтін уақыт жоқ.
Ешкім де жеңілгенді қаламайды. Артық айтсам кешіріп қоярсыз, бірақ осыншама жүлдені жеңіліп жүріп иеленген жоқпыз. Бастысы, болып жатқан жайтқа объективті қарауды үйрену. Ашуланып, сол ашуыңды футболшылардан алудың қажеті жоқ. Менің міндетім – оларға кеңес беріп, дайындап, әрекет ету.
Белгілі бір кезең өтті. Өткен шақпен өмір сүру мүмкін емес. Бүгін мен ертең бар. Мен тап болған жайт – ол өтпелі кезең. «Ауыс-түйіс заманында өмір сүргеннен Құдай сақтасын» деп жатады. Ал мен футболдан Қазақстан құрамасына осындай өзгерістер кезеңінде келдім. Мен өз жұмысымды атқарып жатырмын, айналада не болса да, оған күлімдеп қараймын», - деді ол.