Жөндеу жұмыстары аяқталып, газон жаңартылды
Елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов «Астана Арена» стадионының реконструкциясы аяқталғанын және матчтарды өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Депутат өзінің Instagram парақшасында «Астана Арена» стадионында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының толық аяқталғанын жазды. Қаналимовтың айтуынша, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ұсыныстарына сай жүргізілген.
«Астана Арена» стадионы реконструкциядан кейін халықаралық матчтарды өткізуге дайын. Қазіргі таңда UEFA талаптары мен ұсыныстарын ескере отырып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, ескі жабындылар, алаңды жылыту және суару жүйелері толығымен ауыстырылып, сондай-ақ жасанды газон жаңартылды. Өткен жылдың желтоқсан айында футбол алаңы UEFA стандарттарына сәйкес сертификаттаудан өтіп, халықаралық сертификатқа ие болды», – деп жазды ол.
Оған қоса «Қазақстан» спорт кешеніне жүргізілетін құрылыс жұмыстарына тоқталды.
«Сонымен қатар, елордалық мәслихаттың қолдауымен бастапқыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмі арқылы жүзеге асырылған «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта тиісті құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр. Жобаны аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Бұл жоба су спорты түрлерін, мәнерлеп сырғанауды дамытуға және елорда тұрғындарының белсенді демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деп жазды Ерлан Қаналимов.