Танымал спорт журналисі Қайрат Боранбаевқа ескерткіш қоюды ұсынды

Редактор
22.01.2025, 16:26

Ол Боранбаевтың Қазақстан футболына қосқан үлесін бағалау керегін атап өтті

коллаж: 1bol.kz

Журналист және футбол сарапшысы Айдын Қожахмет Кайрат Боранбаевтың Қазақстан футболын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, ARMAN ABDOLLA-ға берген сұхбатында күтпеген мәлімдеме жасады.

«Егер саясатты және басқа да мәселелерді бір жаққа ысырып қойып, тек футбол туралы айтсақ, Боранбаевтың жасаған істері үшін мен қазірдің өзінде оған тірі кезінде ескерткіш қоюға дауыс берер едім. Қазақстан футболына дәл осындай үлес қосқан адам болған жоқ», — деп атап өтті Қожахмет.

Қожахмет Боранбаевтың ФК «Қайрат» құрамында жасаған инфрақұрылым деңгейіне тоқталды. Оның айтуынша, клубтың базасы мен «Қайрат» академиясы басқаларға үлгі болуы тиіс.

«Мен «Қайрат» базасында екі ай тұрдым. Бұл – фантастика! Еуропада осындай суперзаманауи базалар өте аз. Ал «Қайрат» академиясы – бұл бірегей жоба. Нәтижелеріне көз салыңыздар: Достан Сатпаев «Челсиге» ауысып жатыр, Нұралы Әліп «Зенитте» ойнайды. Олардың бәрі академияның түлектері», — деп атап өтті ол.

Қожахмет Боранбаевтың клубтың тұрақты қаржылық моделін жасаудағы жетістіктеріне де ерекше тоқталды.

«Боранбаев бостандықта болмаған кезде де «Қайрат» легионерлерсіз, тек өз тәрбиеленушілерімен ойнап, лайықты нәтижелер көрсетіп отырды. Бірақ ең бастысы – экономика. Клуб өзін-өзі қаржыландыру деңгейіне жетті – бұл оңай жұмыс емес. Премьер-лигада ойнау үшін клубқа кем дегенде 1 миллиард теңге қажет. Ол кезде «Қайрат» бұл қаражатты демеушілер мен матч-дэйлер арқылы табатын. Ол клубты қожайынсыз өмір сүре алатындай деңгейге жеткізді және бұл бірегей жетістік», — деп толықтырды Қожахмет.

Қожахметтің пікірінше, Боранбаевтың тәжірибесі мен оның жасаған құрылымы Қазақстанның басқа клубтары үшін үлгі болуы тиіс, өйткені «Қайрат» елдегі өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жалғыз клуб болып қала бермек.