Бас бапкермен келісімшарт екі тараптың келісімі бойынша тоқтатылған
Дәл қазір көпшілік футболдан ұлттық құраманың бас бапкерлігінен кеткен Станислав Черчесовке қанша ақша берілгенін талқылап жатыр.
ҚФФ мәліметінше, келісімшарт екі тараптың келісімі бойынша тоқтатылған. Дядя Ваня телеграмм-арнасы ресейлік маманның қомақты қаражатқа кенелгенін алға тартып отыр.
«Футболдан Қазақстан құрамасы бапкерінің айлығы – құпия ақпарат. Ресейлік маман құрама тізгінін қолына алғанда, әлеуметтік желіде маусымына 1,2 млн еуро алады деген сыбыс тарады. Алайда Станислав Саламұлы мұны жоққа шығарды. «Мұндай сандарды әдетте кемінде екіге, тіпті беске бөлемін», - деп жауап қатқан ол.
Ал федерацияның өзі бұл мәліметті растаған да, жоққа да шығарған жоқ. Келісімшарттың талаптары бойынша мұның құпия ақпарат екендігін ғана еске салды.
«Станислав Черчесов 2024 жылдың маусым айында тағайындалып, Қазақстан құрамасын 7 ай 24 күн жаттықтырды. Оның қарамағында құрама 6 матч өткізіп, бір де бір гол соққан жоқ, бес рет жеңіліп, бір ойында тең түсті. Қорытынды есеп - 0:15. Өкінішке қарай, біздің пайдамызға емес.
Егер бейресми ақпаратқа сенсек, Черчесов Қазақстанда осы уақыт аралығында 779 992 еуро тапқан (әр гол үшін 51 999 еуро). Сонымен қатар оның келісімшарты «2+2» жүйесі бойынша жасалған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзғаны үшін ҚФФ (Қазақстан футбол федерациясы) бапкерге 1 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Себебі келісімді Черчесов бұзбаған болуы керек», – делінген ақпаратта.
Яғни бұл дегеніміз, Черчесов 8 айда 423 613 655,20 теңге тапты деген сөз.