Олардың арасында Ақнәр Ардаққызы да бар
Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысатын спортшылардың тізімі жарияланды.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, Қытай құрамасында 257 адам бар, олардың 170-і спортшылар (85 ер, 85 әйел) болса, қалғаны бапкерлер мен өзге де қызметшілер.
Айта кететін жайт, спортшылар арасында Олимпиаданың 6 чемпионы бар. Тағы 147 спортшы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.
Құрамада ұлты қазақ 4 спортшы өнер көрсетеді, олар: Ақнәр Ардаққызы мен Қанағат Мұхамедұлы (конькимен жүгіру), Баян Жалынқызы мен Самғар Серікұлы (шаңғы).
Есте болса, Ақнәр Бейжің Олимпиадасына қатысқан болатын.
IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 139 спортшы қатысады.