«15 кг артық салмақ болса құрамада ойнамайсың»: Әлиев футболшыларға ультиматум қойды

Редактор
06.02.2025, 16:55

Ол командада жалқау ойыншылардың барын жасырмады

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев ардагер жалқау ойыншыларға ультиматум қойды. Енді алаңға шығып жүгіргісі келмейтін футболшылар ұлттық құрамаға шақырту алмайды. Бұл туралы бапкер журналистермен болған кездесуде айтты.

Әлиев команданың капитаны Асхат Тағыбергенмен жолығып, өз талаптарын жеткізген.

«Асхат Тағыбергенмен әңгімелестік. Басқа да футболшылармен байланыс бар. Қандай футбол моделін қолданатынымызды түсіндірдім. Солтүстік Македония құрамасы бір матчта шартты түрде 2 мың шақырым жүгіріп тастайды. Егер біздің команданың физикалық қуаты ондай болмаса, басқалармен бәсекелесуіміз қиын. Ондай жағдайда 15 минуттан кейін бензин бітіп қалады. 

Жас болса да жалқауланып, тек паспен ойнайтын Мейрамбек Қалмырза, немесе Мужиков пен Тағыберген болсын, бәріне айтылды. Біздің өз ойын моделіміз қажет. Егер құрамаға 15 кг артық маймен келсе, онда ойната алмаймын. Құрамаға майданда шайқасатындай мығым жігіттер керек. Дайын болуы тиіс. Бұл футбол соғысы. Құраманың ойынына екі ай бұрын дайындалуың тиіс. Физикалық дайындық жөніндегі бапкермен байланыста боламыз. Футболшылардың физикалық қуаты өте маңызды», - дейді Әли Әлиев.

Айта кетейік, жуырда ғана Қазақстанның бас бапкері болған Станислав Черчесов отставкаға кеткен. Небәрі жарты жыл команданы жаттықтырған ресейлік маман айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Ал, Әли Әлиев болса әзірге бас бапкердің міндетін атқарып отыр.