Қазір ұлттық құраманың тізгінін отандық маман Әли Әлиев ұстаған
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Станислав Черчесов венгриялық БАҚ-қа сұхбат беріп, жалақысы мен жинаған тәжірибесіне қатысты пікірін айтты.
Еске салайық, Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін былтыр жазда ұстап, биыл қаңтарда отставкаға кетті. Ол жұмыс істеген уақытта ұлттық құрама бірде-бір матчта жеңбегені өз алдына, мүлдем гол да соға алмаған. Жанкүйерлер тарапынан қатаң сынға ұшырап, журналистермен де бірнеше рет дауласқаны тағы бар.
Сұхбат барысында ол өзінің табысына қатысты сұраққа жауап берді. Нақты цифраларды айтпағанымен, Қазақстанда аз ақша таппағанын меңзеді.
«Мені «Трабзонспорға», мәскеулік «Спартакқа» барады деді. Түркия құрамасына қатысты да сөз болған. Сауд Арабиясына шақырды, бұл ұсыныстан 100 адамның 99-ы бас тартпаущы еді. Мен бас тарттым. Бапкер – зат емес, оны ақшаға сатып алып тағайындай салмайсың. Егер маған ұнамаса, қанша ақша төлеседе ол жұмысты істемеймін.
Мәселен, Венгрия маған аз ақша төледі. Қазақстанда одан әлдеқайда көп төлеген. Ал, Ресей ұлттық құрамасын жаттықтырғанда Әлем чемпионатындағы маңызды нәтижеге қол жеткізгенім үшін өте көп бонус төледі. Мұндай бонусты «Ференцварошқа» үш рет титул жеңіп әпегнеміде де төлеген емес. Яғни, мен Венгрияда ақша үшін жұмыс істемегенімді жанкүйерлер түсінеді деп үміттенем», - деді С.Черчесов nemzetisport сайтына берген сұхбатында.
Ол Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаровтың шыдамсыздық танытқанын да атап өтті. Айтуынша, жаңа команда аз уақытта қалыптасып үлгермейді, өзгерістің нәтижесі енді болуы тиіс.
«Мен тағайындалған күні-ақ жаңа команда жасақтау керектігін айттым. Ұлттар лигасында біздің топта Норвегия, Аустрия және Словения болғанын білесіздер. 2018 жылғы әлем чемпионатының алдында да бізге (Ресей құрамасы – авт.) осындай мықты құраламалар қарсылық танытқан. Сол кезде мен қуандым, тәжірибе жинаймыз деп. Бұл жолы бірнеше ойынды жеңілдік, бірақ мен сол уақытта команданы қайта жасақтап, жаңадан төрт жас футболшыны шығардым. Бірақ, Федерацияның жаңа басшысы күткісі келмеді де, мені басқа бапкермен алмастырды», - деді Черчесов.
Айта кетейік, Станислав Черчесов отставкаға кеткеннен кейін ҚФФ ұлттық құрамаға бас бапкердің міндетін атқарушы етіп Әли Әлиевті тағайындады. Ол алдағы Уэльс және Лихтенштейнмен болатын ойындарға команданы дайындайды.