Қазақстан құрамасы Ташкенттің «Локомотив» клубын жеңе алмады

Редактор
14.02.2025, 23:36

Беларусьтен келген Оралхан Өміртаев 11 метрлік айып добын соға алмай қалды

Қазақстан футбол федерациясы

Түркияда футболдан Қазақстан құрамасының ойыншылары оқу жаттығу жиынын өткізіп жатқаны белгілі. Осы жиын аясында Әли Әлиев шәкірттері Өзбекстанның «Локомотив» клубымен жолдастық кездесу өткізді және 1:1 есебімен тең тарқасты.

Матч жабық режимде өткен. Ұлттық құраманың баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен матчтан кейін ойын нәижесіне қысқаша тоқталып, кімдердің көзге түскенін айтып берді.

Белгілі болғандай, төреші ойында екі пенальти белгілеген. Қазақстан шабуылшысы Оралхан Өміртаев 11 метрлік айып добын соға алмапты. Ал, ташкенттік ойыншылар өзіне берілген мүмкіндікті 100 пайыз пайдаланған.

Қазақстан сапынан Айбар Абдоллаев берген пасты Айбар Жақсылықов қақпаға дәл көздеп, бірінші таймда есеп ашқан. «Локомотив» болса матч аяқталар тұста пенальтиден гол соғып кетті.

«Бас бапкер бірінші таймнан кейін футболшылардың біразын алмастырып, жастарды алаңға шығарды. Әли Әлиевтің мақсаты да осы еді, ол қазір құрамадағы ойыншыларды тексеріп көріп жатыр. Басты мақсат – наурызда болатын ресми матчтарға тас-түйін дайын бару», - деді Е.Мәулен.

Енді 17 ақпанда Қазақстан құрамасы дәл осы алаңда Солтүстік Корея құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл ойын тікелей эфирден көрсетіледі деп жоспарлануда.