Ең көп ақша «Ордабасы» клубына бөлінген
«Дядя Ваня» телеграм-арнасы 2025 жылы өңірлер футболды дамытуға қанша қаражат бөлгенін есептеп көрді.
Елімізде Премьер-лига командалары арасында бірінші тур матчтары өтті. Жүлдеге 14 команда таласып жатыр. Ал футбол маусымы 26 қазанда аяқталады.
Жалпы, ел біріншілігіне қатысу кәдімгідей қаражатты талап ететін дүние. Ашық дереккөздерге сәйкес, элиталық дивизон командаларының өтінім жарнасының өзі 55 млн теңге тұрады. Бұған ойыншылардың трансферін, жалақыны, ұшақ билеттерін, тамақтану мен өзге де шығындарды қосыңыз. Мұның бәрі қалтаға үлкен салмақ екені сөзсіз. Отандық клубтар өз шығынын өзі жабатын дәрежеге жетпегенін ескерсек, бұл қалалық және облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат екені түсінеміз.
«Дядя Ваня» клубтардың биылғы бюджетін есептеп көрген. Телеграм-арна тұрақты чемпионатқа қатысу шығындарынан бөлек, балалар орталықтары мен әйелдер командаларына бөлінетін қаражатты да қоса есептеген.
Маусым арасында ҚПЛ-ның 14 клубы шетелде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қана қоймай, мемлекеттік қаржыландыруға да таласты. Алдын ала есеп бойынша, еліміздің үздік командалары жергілікті бюджеттен кемінде 18,51 млрд теңге (қазіргі курс бойынша – $37 млн) алған. Жақын арада өткізілетін жалпы сомасы 4,98 млрд теңгелік ($9,9 млн) тағы бірнеше тендер бар. Маусым енді ғана басталғанын ескерсек, мемлекеттің футболға бөлетін қаражаты мұнымен шектелмейтіні түсінікті.
«ҚПЛ клубтары арасынан әзірге Шымкенттің «Ордабасы» командасы ең көп қаражатқа ие болып отыр – 3,46 млрд теңге. Жуық арада бұл көрсеткіш жағынан «Ақтөбе» де оңтүстіктегі әріптестерімен теңеспек. Қазақстанның бес дүркін чемпионы 1,35 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан. Мемлекеттік сатып алу сайтында тағы үш тендер бар: негізгі ұжымға – 1,07 млрд, жастарға – 357 млн, балалар-жасөспірімдер командаларына – 267 млн теңге», – деп жазды дереккөз.
Ал Қостанай облысының ұжымына көрсетілетін қолдау аздап кешігіп жатыр. Себебі жақын күндері өңірдің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы тағайындалуы керек. Сондықтан аукциондарды ұйымдастыру мәселесі біраз кешеуілдеді. Алайда Қостанайдың «Тобылы» ақшасыз қалмайтыны анық. Мемлекеттік сатып алу сайтында қазірдің өзінде үш тендер жарияланған: бірінші командаға – 1,2 млрд теңге, балалар футбол орталығына – 447 млн, фарм-клубқа – 205 млн теңге.
Қазақстан чемпионы «Қайраттың» негізгі құрамы жергілікті олигарх Қайрат Боранбаевтың қалтасынан қаржыландырылады. Сөйте тұра жастар және жасөспірімдер командаларына жыл сайын қалалық бюджеттен ақша бөлініп отырады. Биыл Алматы ұжымы осы мақсатқа 669 млн теңге алуды жоспарлап отыр.
«Атырау» ФК Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасымен 5,712 млрд теңгеге үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт сомасын үш маусымға бөлсек, онда әр маусымда «мұнайшылар» өңір қазынасынан 1,90 млрд теңге алып отырады деген сөз», - деп қосты телеграм-арна.
Еліміздің жүлдесі көп ұжымы – «Астана» ФК квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландырылады. Елорда командасының шығынын Sport Qory жауып отыр. Сондықтан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы тендерлерге қатыспайды, тиісінше қаржыға қатысты ақпаратты жарияламауға тырысады. Сөйте тұра ашық дереккөздерде «Астананың» 2022 жылы қордан 4,8 млрд теңге алғаны көрсетілген. Келесі маусымда бұл қаражат 5,3 млрд теңге болған. Одан қалды елордалықтар еурокубоктарға қатысу арқылы тәп-тәуір табыс табады. Бір сөзбен айтқанда, тарығып жатқан жайы жоқ.
«ҚПЛ клубтарының 2025 жылы ұтып алған тендерлерінің сомасы (жақша ішінде аяқталмаған тендерлер көрсетілген):