Алдын ала болжам бойынша, той 27 мамырда өтеді
«Манчестер Сити» клубының өзбекстандық қорғаушысы Абдукадыр Хусановтың үйленетіні туралы жаңалық жанкүйерлер тарапынан қызу талқыға түсті.
Алдын ала болжам бойынша, той 27 мамырда өтеді. Бұл кезең Англия Премьер-лигасының биылғы маусымы аяқталатын, тиісінше «Ситидің» демалысқа шығатын уақытымен сәйкес келеді.
«Қалалықтардың» қорғаушысы шаңырақ көтереді деген сыбыстан соң жанкүйерлер Өзбекстанда өтетін үйлену тойына «Манчестер Ситидің» бас бапкері Хосеп Гвардиола, Эрлинг Холанд, Кевин Де Брюйне немесе Джек Грилиш секілді жұлдызды ойыншылар келеді деп үміттенуде.
Дегенмен әзірге Хусановтың өзі де, оның ресми өкілдері де той туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ. Өзбекстандық басылымдар футбол жұлдызының тойы мамырдың соңына жоспарланғанын жазуда.
Егер бұл ақпарат рас болса және Хусановтың командалас әріптестері Өзбекстанға ат басын бұрса, онда Ташкент көшелерінде ұлан-асыр той болары сөзсіз.