Ол семейлік клубты ұзақ жылдық үзілістен кейін ҚПЛ-ге алып шыққан еді
«Елімай» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Еркебұлан Нұрғалиев бас бапкер болған Самат Смақовты клубтан қалай қуып жібергенін ашып айтты.
«Бәрі қалай болғанын айтып берейін. 2023 жылы Самат Смақовтың қарамағында жаттығу жасап жүргенде-ақ команда тізгінін Андрей Карпович алады деген сыбыс тарай бастады. Шыны керек, клубты бірде-бір жеңіліссіз ҚПЛ-ға алып шыққан адамды қалай алып тастауға болатынын түсінбедік. Түрлі әңгіме айтылып жүрген соң, Самат Смақовтың тікелей өзінен сұрадым. Ол: «Жоқ, кетпеймін, маған команданы 2024 жылға жасақтауды тапсырды» деп жауап берді. Ал маусым аяқталған соң оны орнынан алып тастай салды. Өз басым таңғалдым. Бұл дұрыс емес қой», - деді Еркебұлан Нұрғалиев «Добрая Ультра» YouTube-каналына берген сұхбатында.
Естеріңізде болса, Самат Смақовтың семейлік ұжымның бас бапкері қызметінен кетуі біраз дау тудырды. Дегенмен, клуб басшылығы мұны Смақовтың PRO лицензиясы болмағандықтан, ол ҚПЛ клубын басқара алмайтындығымен түсіндірген еді.