Биыл корольдік клубтың требл жасауы екіталай
Футболдан Испания чемпионатының 30-туры аясында мадридтік «Реал» өз алаңында «Валенсияға» қарсы ойнап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды және чемпиондыққа таластағы позициясын біршама әлсіретті.
«Реалдың» жеңілуінің бірден-бір себебі – Винисиус Жуниордың 11 метрлік айып добын соға алмауы болды. Ойынның 13-минутында төреші «Валенсия» қақпасына пенальти белгілеген. Алайда, бразилиялық вингер бұл мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Яғни, оның соққысын қарсылас команданың қақпашысы Георгий Мамардашвили қайтарды.
Осылайша, корольдік клуб биылғы маусымда бесінші пенальтиді соға алмады. Жалпы, биыл барлық турнирде мадридтік клуб футболшылары 16 мәрте пенальти тепкен, соның 11-і ғана голға айналды. Бір маусымда соғылмаған бес пенальти — клуб үшін 2013/2014 жылдан бергі ең төменгі нәтиже. Сол маусымда «Реал» Ла Лигада үшінші орын алғанымен, Испания Кубогы мен Чемпиондар лигасында чемпион болды.
Қазіргі уақытта мадридтік клуб Испания чемпионатының турнирлік кестесінде екінші орында тұр, «Барселонадан» төрт ұпайға қалып келеді.