Корольдік клуб матч алдындағы жаттығу мен баспасөз мәжілісіне қатысудан бас тартты
Мадридтің «Реалы» Испания Кубогының финалына тағайындалған төреші Рикардо де Бургос Бенгоэчеаның әрекеттерінен соң бойкот жариялады.
Естеріңізде болса, пресс-конференция кезінде төреші көз жасына ерік берді — себебі «Реал» төрешінің қателіктері жайлы бейнеролик жасаған. Бұл роликте «корольдік клуб» төрешінің командаға қарсы әрекеттерін жинақтап көрсеткен.
«Реал» мұндай эмоциялық күйге түскен адамның «Барселонаға» қарсы өте маңызды матчты әділ басқара алмайтынын айтып, төрешіні ауыстыруды талап етті. Алайда Испанияның Корольдік футбол федерациясы (RFEF) бұл талапты қабылдамаған.
AS басылымының мәліметінше, бұл шешімге «Реал» бойкотпен жауап қатты. Команда финал алдындағы дәстүрлі ашық жаттығу мен баспасөз мәслихатына қатысудан бас тартты.
«Реал Мадридтің» ресми мәлімдемесі:
«Реал Мадрид» футбол клубы 2025 жылдың 26 сәуірінде өтетін Испания Кубогының финалына тағайындалған төрешілер тарапынан бүгін айтылған ашық мәлімдемелерді мүлде орынсыз деп санайды.
Бұл мәлімдемелер бұқаралық ақпарат құралдарының — сөз бостандығына ие Real Madrid TV секілді арналардың — жариялаған бейнежазбаларына байланысты айтылды. Финалға бір күн қалғанда мұндай ашық наразылық білдіру – төрешілердің «Реал Мадридке» деген айқын және жүйелі түрде көрсетіліп келе жатқан теріс көзқарасын тағы бір рет дәлелдейді.
Одан сорақысы – төрешілердің сөздері қоқан-лоқыға ұқсап, бүкіл төрешілер корпусының ортақ әрекетін аңғартады. Олар әділдікке, бейтараптыққа және объективтілікке қарама-қайшы келетін шараларды қолданатынын тұспалдады. Ал бұл әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген миллион көрермен тамашалайтын маңызды матчтың қарсаңында болып отыр.
Осыған байланысты, «Реал Мадрид» RFEF пен төрешілер алқасы басшыларының тиісті шешім қабылдап, өз институттарының беделін қорғау үшін нақты шаралар қолданатынына сенім білдіреді», - деп мәлімдеді клуб өкілдері.