Эльвира Нұрмұстафина футболдағы төрешілік жолын 2008 жылы бастаған
Қазақстан футбол тарихында жоғары дивизионда төрелік еткен алғашқы әйел төреші Эльвира Нұрмұстафина кәсіби мансабын аяқтады. Бұл туралы Қазақстан Премьер-лигасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Эльвира Нұрмұстафина футболдағы төрешілік жолын 2008 жылы бастаған болатын. Ол 2010 жылы FIFA төрешісі ретінде тіркелсе, 2013 жылдан бері Халықаралық дәрежедегі төреші ретінде қызмет етіп келді.
2021 жылы Нұрмұстафина Қазақстан футболының тарихына ерлер арасындағы Премьер-лига матчында төрелік еткен алғашқы әйел ретінде енген болатын.
Кәсіби жолында ол жоғары біліктілік пен тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп, отандық футбол төрешілігінің дамуына елеулі үлес қосқан маман ретінде аталады. Нұрмұстафинаның спорт саласындағы қызметі жаңа буын өкілдері үшін үлгі болған.
Эльвира Нұрмұстафина үшін соңғы матч бір дәуірмен қоштасу, әрі футбол төрешілігінде әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан символдық сәт ретінде есте қалып отыр.