Ойын тағдыры овертаймда шешілді
Еуропа Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі анықталды. Өз алаңында «Барселонаны» қабылдаған миландық «Интер» овертаймда жеңіс голын соғып, ақтық сынға шығып отыр.
Еске салайық, каталонияда өткен бірінші матчта 3:3 есебі тіркелген болатын. Бүгінгі қарымта ойында да дәл осы нәтиже қайталанды. Алғашқы таймда «Интер» ойыншылары жауапсыз екі гол соғып (Л.Мартинес – 21, Х.Чалхоноглу – 45+1), сенімді түрде алға шыққан. Алайда, екінші таймда Ханси Флик шәкірттері қатарынан үш гол соғып, жеңіске бір табан жақындады (Э.Гарсия – 54, Д.Ольмо – 60, Рафинья – 87). Бірақ, 90+3 минутта Ачерби есепті теңестіріп, ойын овертаймға ұласты.
Тартысқа толы ойыннан көпшілік пенальти күткенімен, 99-минутта «Интер» сапынан Фраттези көзге түсіп, матчтағы соңғы нүктені қойды. Каталондықтар толассыз шабуылдағанымен, бірде қақпашы Зоммерден айласын асыра алмады, тағы бірде «Интер» қақпасын бағана құтқарып қалды.
Осылайша, қос ойынның нәтижесі – 7:6, «Интер» финалда. Индзаги шәкірттерінің ақтық сындағы қарсыласы ертең «ПСЖ» – «Арсенал» арасындағы қарымта матчта белгілі болады.