Нұрдәулетов 2002-2004 жылдары «Ертіс» сапында ойнап, 2002 жылы ел чемпионатының ең үздік жартылай қорғаушысы атанған
Қазақстандық маман Қайрат Нұрдәулетов Павлодардың «Ертіс» клубының бас бапкері қызметінен не себепті кеткенін түсіндірді. Оның айтуынша, келісімшарт екі тараптың өзара келісімімен бұзылған.
Бұған дейін кейбір дереккөздер ойыншы Тамерлан Ағымановтың әкесімен болған жанжал Нұрдәулетовтің отставкасына себеп болды деп хабарлаған. Футболшы жақында жарақатынан жазылып шыққанымен, бірнеше ойынға қатыса алған жоқ. Соңғы матчтардың бірінде Нұрдәулетов Тамерланды негізгі құрамға қоспаған, ал бұл жағдай оның әкесінің ашуына тиген. Белгілі болғандай, Ағымановтың әкесі клубта ресми түрде болмаса да, басқарушы қызмет атқаратын көрінеді. Сол себепті оның құрамға араласуы Нұрдәулетовтің қызметінен кетуіне әсер етті деген ақпарат тарады. Алайда Нұрдәулетов бұл қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ол командаға, қалаға және жанкүйерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, Тамерлан Ағымановтың болашағы зор, талантты футболшы екенін алға тартты. Сонымен қатар келісімшартты бұзу туралы шешім клуб басшылығымен ортақ келісім арқылы бейбіт түрде қабылданғанын айтты.
«Кейбір БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Келісімшартты бұзу туралы шешім өзара келісім негізінде қабылданды», – деп келтіреді Нұрдәулетовтің сөзін «Ертіс» клубының баспасөз қызметі.
Нұрдәулетов 2002-2004 жылдары «Ертіс» сапында ойнап, 2002 жылы ел чемпионатының ең үздік жартылай қорғаушысы атанған. Ол сондай-ақ «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» клубтарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар Қазақстан құрамасында капитан болған.
Бапкер ретінде Нұрдәулетов «Астана», «Мақтаарал», Қазақстан құрамасы және «Жетісу» клубтарында жұмыс істеген.
Биылғы маусымда «Ертіс» Бірінші лигада ойнап, Қазақстан премьер-лигасына шығу үшін күресіп жатыр.