Елордалық ұжым бүгін «Тобылдан» ойсырай жеңіліп қалды
«Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян шәкірттерінің «Тобылдан» жеңілу себебін түсіндірді. ҚПЛ-дің сегізінші турындағы кездесу «Астана Арена» стадионында өткен болатын.
Премьер-лиганың көшбасшылығына таласып жүрген қос команда арасындағы матчта «Астана» Қостанайдан келген қонақтарға қарсы еш айла таба алмады. «Тобыл» бірінші таймның өзінде-ақ жауапсыз үш гол соғып, матч тағдырын шешіп тастаған. Алаң иелері тек екінші таймның соңында ғана бір гол соға алды.
— Бірінші тайм өте нашар өтті. Ойыншылардың көзінде от жоқ екені байқалды. Бұл жағдайдың себебін өзіміз де түсініп отырмыз.
Ең алдымен, жанкүйерлерден үйдегі ойында осындай нәтиже көрсеткеніміз үшін кешірім сұрағым келеді. Бірақ бізде қаржылық сипаттағы мәселелер бар. Қор өкілдерімен кездесуге үміт артып отырмыз, өйткені бұлай жалғаса бергені дұрыс емес. Қазір айтып бере алмайтын мәселелер бар.
Бұл жағдайдың жалғасып жатқанына біраз уақыт болды. Әйтпесе бір айдың ішінде шаршап қалатындай емес қой. Берешек көлемі үлкен. Бұған дейін мұндай жағдай болды ма дегенге келсек, дәл мұндай деңгейде — бірінші рет, - деді Бабаян.
Еске салайық, «Астана» бұған дейін Қызылордада ҚПЛ аутсайдерлерінің бірі «Қайсармен» кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді.