Футболдан жастар құрамасының бас бапкері тағайындалды

Редактор
12.01.2024, 12:04

Ол Премьер-лиганың бірнеше клубын жаттықтырған

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстандық футбол маманы Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Білікті маман кезінде «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алма-Ата», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғап, 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.

Бапкерлік мансабын «Сұңқар» ФК бас бапкерінің көмекшісі болып бастады. Ол сондай-ақ, «Қайрат» ФК жастар командасында жұмыс істеген. 2017 жылы Горовенко дебюттік маусымында алматылық клубтың фарм-командасын Қазақстан Бірінші лигасының қола жүлдесіне алып келді.

2018-2020 жылдары «Жетісу» ФК екінші командасын жаттықтырды.

2020 жылы Қарағандылық «Шахтерді» баптады. Сол маусымда Горовенконың жетекшілігімен кеншілер Премьер-лигада төртінші орын алып, еурокубок жолдамасын жеңіп алған болатын. 

2021 жылы «Мақтаарал» ФК бас бапкері болып тағайындалды. Команда Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды.

Горовенко сонымен қатар «Атырау» және «Каспий» клубтарын жаттықтырған.

Айта кетейік, Константин Горовенкоға Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметов көмектеседі. Толық жаттықтырушылар штабы кейінірек жасақталады.