ПСЖ-ның жеңісі жаппай тәртіпсіздікке ұласып, екі адам қаза тапты

Редактор
01.06.2025, 14:23

Францияда болған тәртіпсіздік кезінде 559 адам ұсталды

Reuters

ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы жеңісінен соң Францияда жаппай тәртіпсіздіктер басталып, салдарынан екі адам қаза тапты.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, бүкіл ел аумағында болған тәртіпсіздік кезінде 559 адам ұсталса, соның 490-нан астамы Парижде қамауға алынған. Жалпы алғанда, 190-ға жуық адам жарақат алған, олардың ішінде 22 полиция қызметкері мен 7 өрт сөндіруші бар. 692 өрт қою оқиғасы тіркелсе, соның 264-інде көліктерді өртеген.Сонымен қатар екі адамның қаза тапқаны да расталды.

Парижде мотоцикл мінген әйелді көлік қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Ал Дакс қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде 17 жастағы жасөспірімді пышақтап өлтірген.

Полицияның хабарлауынша, бүлікшілер тәртіп сақшыларына тас лақтырған, сол себепті полицейлерге жарық-дыбыстық гранаталар қолдануға тура келген.
Лорьян қаласында тәртіп бұзушылар дүкендерді тонаса, Нантта адамдар автобусқа шабуыл жасаған.

Алайда полиция шабуыл жасағандардың бәрін тез арада ұстады.

Айта кетейік, өткен түні Францияның «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) клубы Чемпиондар лигасының финалында Италияның «Интер» командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, өз тарихында алғашқы рет Чемпиондар лигасының кубогын иеленді. Бұл – Чемпиондар лигасының финалдарындағы ең ірі жеңіс болып тіркелді.

Бұған дейін ПСЖ финалға тек 2020 жылы шығып, Германияның «Бавариясынан» жеңілген еді.