Бас бапкер 500 мың теңгеден аса айыппұл төлейтін болды
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Тәртіптік-бақылау комитеті (ТБК) ҚПЛ-ның 11-турындағы «Ақтөбе» мен «Қайрат» матчында болған тәртіп бұзушылықтар бойынша шешім шығарды.
«Серый CARDINAL» телеграм-арнасының мәліметінше, «Ақтөбе» ойыншысы Идрис Умаев 5 матчқа дисквалификация алса, «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин 4 ойынға шеттетіліп, сонымен қатар 150 АЕК айыппұл арқалады.
Негізі ойыншы да, бапкер де көпшілік алдында кешірім сұрап үлгерді. Сондықтан екі турдан кейін олардың жазасы жеңілдетілуі мүмкін. Бірақ ол үшін клубтары тиісті апелляция беруі керек.
Сондай-ақ тәртіптік-бақылау комитетінің шешімімен «Ақтөбе» футбол клубы қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін 200 АЕК, ал көрермендердің тәртіпсіз әрекеті үшін 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал Громыкоға келсек, белорус легионері алаңнан қуылғаннан кейін жасаған арандатушы қылығы үшін 75 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Ақтөбеде өткен кездесу 2:1 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталғанымен, ойын дауға ұласты.