Алиев өз сөзінде УЕФА құрамындағы Қазақстанның артықшылығын атап өткен
Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиевтің Беларусьтен жеңілгеннен кейінгі (1:4) баспасөз мәслихатында айтқан сөзі Өзбекстанда сынға ұшырады. Бұл туралы «Азия-Спорт» Telegram-арнасы жазды.
Алиев өз сөзінде Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына шығуына пікір білдіре келе, УЕФА құрамындағы Қазақстанның артықшылығын атап өтті:
«Өзбекстан құрамасын чемпионатқа шыққанымен құттықтаймыз. Бұл – бүкіл ел үшін үлкен қуаныш. Бірақ УЕФА әлдеқайда бәсекелі. Қазақстанда біз Франция секілді құрамаларды қабылдап, Мбаппе сияқты жұлдыздарды көреміз. Жақында Бельгия құрамасы келмек. Сондықтан УЕФА аясында ойнаудың маңызы зор», – деді бапкер.
Өзбекстандық спорт журналисі Яхъехожа Улугхожаев бұл пікірді «орынсыз» деп атады.
«Қазақстандық бауырлар барлық пабликтерде бізді шын жүректен құттықтап жатқанда, көршіміздің бас бапкерінен тағы бір (бұған дейін де сын айтқанмын) тосын пікір естідік. Меніңше, жай ғана риясыз құттықтай салса жеткілікті еді», – дейді ол.
Сондай-ақ журналист Қазақстан құрамасы жеңілген Беларусь құрамасы соңғы жылдары ресми матчтарға қатыспағанын еске салды.