Өзбектер футболды мемлекеттік деңгейде дамытып жатыр, ал біз әлі алаң сала алмай жүрміз – Малый

Редактор
10.06.2025, 09:14

Қазақстан тәуелсіздігін алған 34 жылда елімізде небәрі 2 стадион салынған

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый матчтан кейін тілшілерге берген сұхбатында өзбек футболының неге дамып кеткенін түсіндіріп, Қазақстандағы футбол деңгейіне шынайы баға берді.

9 маусымда Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониядан өз алаңында жеңіліп, матчтан кейін журналистер Серней Малыйды әңгімеге тартқан болатын.

«Оларда мемлекет деңгейінде футболды дамыту туралы нақты тапсырма болды. Соның арқасында уақыт өте келе нәтиже көріне бастады. Бізде ел ішіндегі инфрақұрылым өспейінше нәтиже талап ету – дұрыс емес. Алдымен, үйдің іргетасын қалап алу керек, содан кейін ғана нәтиже сұрау керек қой. Алаңымыз қандай болса, футболымыз да сондай. Даму деңгейіміз де одан ұзап кетпеді. Жалпы бағытымыз дұрыс, бапкер еуропалық екпін беріп жатыр, бірақ инфрақұрылымсыз бұл жол ұзаққа созылады. Осыны түсінуіміз қажет. Уақыт, қолдау және ел ішінде нақты даму факторы керек», – дейді Малый.

Сергей өз сөзінде Атырау мен Ақтаудағы стадиондардың жағдайын мысалға келтіріп, ондай инфрақұрылыммен жоғары футбол күтуге болмайтынын айтты.

«Қайда ойнап жүргенімізге қараңыздаршы? Атырау, Ақтаудағы стадиондардың жағдайы қандай? Осыдан кейін қандай деңгейдегі футболды күтесіздер? Біздің чемпионат – көктемнен басталатын күрес. Еуропаға жақындай бергенде ғана қарқын алып, футбол көрсете бастаймыз. Бірақ қажетті прогресс жоқ. Өйткені біз бір орында тұрып қалдық. Ұлттар лигасында бір нәтиже көрсеттік, бірақ сол сәтте бізге серпін керек еді: стадиондар, манеждер салынғаны дұрыс еді. Әсіресе Ақтөбе секілді суық қалаларға мұндай жағдай ауадай қажет болатын. Халық келіп, футбол тамашалайтын, ал ойыншылар сапалы футбол ойнайтын жағдай жасалуы керек еді. Біз бір аяғымызбен ақсап жүрміз, себебі футболды алдау мүмкін емес», – деп түйіндеді қорғаушы.

Малый сондай-ақ, Ұлттар лигасындағы жетістіктен кейін дамудың жалғаспағанына өкініш білдіріп, бұл сәтті тек мереке ретінде қабылдап, ары қарай түк жасалмағанын атап өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Астанада Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Осы матчта «Ордабасы» командасының қорғаушысы Сергей Малый ойынға алғашқы минуттардан бастап шықты.