40 автокөлік: Өзбекстан президенті футболшыларды марапаттады

Редактор
11.06.2025, 00:04

Футболшыларды бұған дейін жаттықтырған бапкер де марапатсыз қалмады

olympic.uz

Ташкенттегі «Бунёдкор» стадионында футбол мерекесі жалғасып жатыр. Өзбекстан президенті, Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Шавкат Мирзиёев Өзбекстан мен Катар құрамалары арасындағы кездесуден кейін 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін футболдан әлем чемпионатына жолдама ұтып алған өзбек футболшыларын марапаттады.

Президент жарлығы бойынша, іріктеу кезеңінде ерлік көрсеткен футболшылар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, оларға президент атынан темір тұлпар – BYD автокөліктері табысталды.

Президенттің баспасөз қызметі бұл сыйлықтар туралы БАӘ құрамасымен өткен (0:0) матчтан кейін-ақ жариялаған болатын. Себебі сол кездесуде өзбек футболшылары тарихта тұңғыш рет әлем біріншілігіне қатысатыны анықталды. Ал, бүгін командаға 40 автокөлік берілді.

Сондай-ақ, футболшылар мен бапкерлерге «Өзбекстан мақтанышы» құрметті атағы да берілді.

Бұрынғы бас бапкер Сречко Катанец пен өзге де шетелдік мамандар «Достық» орденімен марапатталды. Айта кетейік, словениялық бапкер қаңтар айында денсаулығына байланысты (онкологиялық диагноз) қызметінен кеткен еді. Сонымен бірге, құрама сапындағы физиотерапевттер, аудармашылар және медиа бөлімінің қызметкерлері де мемлекеттік марапаттарға ие болды.