«Зенит» бапкері Нұралы Әліпке қатысты пікір білдірді
«Зенит» клубының бас бапкері Сергей Семак жазғы маусым алдындағы дайындықтың қашан толық құрамда өтетінін айтты. Бұл туралы Championat.com жазды.
18 маусым күні команда демалыстан оралып, ойыншылардың алғашқы тобы медициналық тексерістен өтіп, жаттығуды бастап кетті. Ал ұлттық құрамалар сапында өнер көрсеткен футболшыларға қосымша демалыс берілді. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп те бар.
«Алғашқы жаттығу күнінің ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұл – әдеттегі жиынның басталуы. Құрамаларда ойнаған футболшылар сәл кейінірек қосылады. Алғашқы екі күнді медициналық тексеріске арнаймыз, жаттығулар да жеңіл болады. Кейін толыққанды жұмыс бастаймыз», — деді Семак.
Сондай-ақ, бапкер команда толық құрамда 27 маусымда жиналатынын атап өтті.
«Сол күні құрамалардан оралған барлық ойыншылар келеді. Жаттығуды толық құраммен сол күннен бастаймыз», — деді ол.