Ол клубтық деңгейде барлығы 258 матчқа қатысып, 78 гол соққан
Қазақстандық 27 жастағы шабуылшы Артур Шушеначев «Ақтөбе» сапын толықтырды. Клуб басшылығы мен ойыншы бүгін ресми келісімшартқа қол қойды.
Тараз футбол мектебінің түлегі осы уақытқа дейін отандық және шетелдік клубтар сапында ойнаған. 2024 жылы Израильдің «Хапоэль Беэр-Шева», кейін Ресейдің «Сочи» сапында доп теуіп келді. Оған дейін өз командасы «Таразда» ойнап, кейін біраз уақыт «Қайрат» сапында өнер көрсеткен.
Осы уақытқа дейін клубтық деңгейде барлығы 258 матчқа қатысып, 78 гол соққан.
Артур Шушеначев - Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген ойыншы. Осы қазіргі сәтте ұлттық құрама жейдесінде 7 ойынға қатысып үлгерді.
«Клубқа ауыспас бұрын Рамазан Оразовпен сөйлестім. Ол клубтағы атмосфера, жанкүйерлер жайлы айтып берді. Маған ұнады. Сондықтан «Ақтөбеге» ауысу туралы шешім қабылдадым. Жаттығу ойдағыдай өтті. Жігіттер жақсы қабылдады. Оның үстіне бірқатар ойыншымен таныспын. Өз әлеуетімді толық көрсетуге тырысамын», - деді Шушеначев.