Чесноков шотландиялық «Хартс» клубына ауысады
Қазақстан құрамасының және Қостанайдың «Тобыл» клубының 25 жастағы жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков шотландиялық «Хартс» клубымен алдын ала келісімшартқа қол қойды.
Алайда трансфер қаңтарға дейін кейінге қалуы мүмкін. Бұл туралы «Daily Record» басылымы жазды.
Шотландиялық «Хартс» клубының бас бапкері Дерек Макиннес Ислам Чесноковты жаңа маусым басталғанға дейін команда сапында көргісі келетінін растады. Бірақ трансфердің дереу жүзеге аспауына «Тоболдың» маусым ортасында ойыншыны жіберуден бас тартуы себеп болған.
«Рекрутинг тобы Исламмен келіссөз жүргізуі тиіс. Ол алдын ала келісімшартқа қол қойды, бірақ жағдайды толықтай бақылауда ұстай алмай отырмыз. Оның командасы маусымның маңызды кезеңінде тұр, сол себепті «Тобыл» Чесноковты дәл қазір жібергісі келмейді», – деді Макиннес.
Бапкердің айтуынша, клуб «Тобылмен» келіссөз жүргізіп, трансферді жеделдетудің жолын іздейді. Егер келісімге келе алмаса, Чесноков тек қаңтардағы трансферлік терезеде қосыла алады.
«Мен клубқа оны мүмкіндігінше ертерек алғым келетінін айттым. Өткен сәрсенбіде бұл туралы Исламмен сөйлестік. Бізде жоспар бар: егер жүзеге асса – керемет, ал болмаса – қаңтарды күтеміз», – дейді бапкер.