«Ордабасы» бапкері басты проблеманы айтты

Редактор
30.06.2025, 09:43

Алайда бізге алдыңғы шепте жетіспейтін нәрсе бар.

"Ордабасы" фк баспасөз қызметі

«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан Премьер-лигасының 14-турында «Қайраттан» өз алаңында 0:1 есебімен жеңілген соң ойынға қатысты пікір білдірді.

«Менің ойымша, «Ордабасы» шабуылда белсенді, қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанын бәріміз көрдік. Бірақ футболда ең бастысы – гол соғу. Өкінішке қарай, ойыншыларға тек жанкештіліктері мен мінездері үшін алғыс айта аламын. Алайда бізге алдыңғы шепте жетіспейтін нәрсе бар. Мүмкін, бізге үнемі шабуылды түйіндейтін, соққы жасауға дайын, нақты гол соғуға шебер шабуылшы керек шығар. Иә, бізде дәл қазір ондай футболшымыз жоқ.Егер жазғы трансферлік терезеде сондай ойыншы таба алсақ, бізге жеңілірек болар еді. Өйткені әр матчта мүмкіндік жасап жүрміз. Бүгін, тіпті, екі ойынға жететіндей сәттер болды. Алайда оны голға айналдыра алмадық. Жұмыс істеп жатырмыз, бірақ сапа қажет. Егер таба алсақ – жақсы. Табылмаса – осылай әрі қарай да жұмыс істеп, әр матч сайын осы компонентті жақсартуға тырысамыз. Себебі шабуылды түйіндеу – футболдағы ең қиын сәттердің бірі. Ондай шешуші сәтте салқынқанды бола алатын ойыншы қажет», – деді Мартин.

Айта кетейік, Шымкенттегі ойында Жоржиньо соққан жалғыз гол «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Алматы командасы соңғы минуттарда тіпті 9 ойыншы қалды. Екі футболшысы қызыл қағаз алды, бірақ «Ордабасы» мұны пайдалана алмады.