«Біреу келеді де бәрін жоққа шығара салады». Кумыков тағы төрешілерге шүйлікті

Редактор
Бүгін, 00:07

…Шаршау бар, бірақ бұл футболдан емес, төрешілерден шаршайсың.

скрин видео

«Қайсар» клубының бас бапкері Виктор Кумыков шәкірттері Қазақстан Премьер-лигасының 14-турында «Елімайдан» (1:2) жеңілген соң төрешілікке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы stepnie_volki_kzo Instagram парақшасы жазды.

«Не деуге болады… «Елімай», жақсы команда. Соған қарамастан бұл ойында жеңілмеуіміз керек еді. Қызыл қағаз көрсетіп, одан қалды пенальтиді бермеді, мұның барлығы әділетсіз шешім болды деп есептеймін. Оның үстіне бұл сәттерді өзіміз де қарап шықтық, бәрі расталды. Бұған қоса, өткен ойында да таза голымыз есептелмей қалды…Шаршау бар, бірақ бұл футболдан емес, төрешілерден шаршайсың. Қаншама еңбек етесің, ал біреу келеді де бәрін жоққа шығара салады», — деді Кумыков матчтан кейін.

Естеріңізде болса, Кумыков жетінші турда «Астанамен» өткен ойыннан соң да төрешілер жұмысын сынаған.

«Біздің команда қазақстандықтардан ғана жасақталғанын жақсы білесіздер. Жігіттер қосалқы құрамнан, Бірінші және Екінші лигалардан жиналған. Мен онсыз да жарты жылға шартты түрде шеттетілгенмін, енді тағы шеттетілетін шығармын. Бірақ үнсіз отыра беруге де болмайды. Ойынымызға төреші болып тағайындалған әрбір төреші біздің команданың сағын сындыруды абырой санайтындай. «Қызылжармен» болған алдыңғы матчта 100 пайыз қызыл қағаз болған, алайда қызыл қағаз тұрмақ, ойынды тоқтатқан жоқ. Ал бізді бірден алаңнан қуушы еді. Үнемі қайталанатын жағдай. Бізді өлтіре берудің қажеті жоқ. Командамыз енді жасақталған. Соған қарамастан төрешілер қосымша аяқтан шалады. Бір ойында үш пенальтиді қалай беруге болады?!» - деп ашуға булықты Кумыков.