Бұған дейін «Ливерпуль» Жота өнер көрсеткен 20-нөмірді мәңгілікке алып тастайтынын айтқан
Ұлыбританияның әйгілі «Ливерпуль» футбол клубы жол апатынан қаза тапқан португалиялық шабуылшы Диогу Жотаның отбасына 2027 жылға дейінгі еңбек келісімшартында қарастырылған толық соманы өтейтін болды. Бұл туралы Record басылымы хабарлады.
Capology дерегінше, Жотаның жылдық жалақысы салықтарды алып тастағаннан кейін 4 миллион фунт стерлингті құраған (салыққа дейін — 7,28 млн фунт). Осылайша, клубтың отбасыға төлейтін жалпы өтемақысы шамамен 8 миллион фунт стерлинг қаражат болады.
Бұған дейін «Ливерпуль» Жота өнер көрсеткен 20-нөмірді мәңгілікке ойыннан алып тастайтынын мәлімдеген еді. Апатта Диогудың ағасы Андре Силва да көз жұмды.
28 жастағы Диогу Жота 2020 жылдың қыркүйегінде «Вулверхэмптоннан» «Ливерпульге» ауысып келген болатын. Осы уақыт ішінде ол клуб сапында 182 матч өткізіп, 65 гол соғып, 26 нәтижелі пас берген. Жота «Ливерпульмен» бірге Англия чемпионатын, Англия кубогын және екі мәрте Англия лигасы кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Португалия құрамасымен екі рет Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.