«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы ойынын Qazsport-тан көрсетуге рұқсат бермеген

Редактор
08.07.2025, 17:02

«Қайрат» клубы Qazsport арнасына трансляция құқығын беруден бас тартты

instagram.com/f.c.kairat

Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбековтің мәлімдеуінше, Алматының «Қайрат» футбол клубы Еурокубок матчтарын тікелей эфирде көрсетуге рұқсат бермеген.

Бүгін, 8 шілдеде, «Қайрат» клубы төрт жылдан бері алғаш рет Чемпиондар лигасында ойнайды. Алайда Словенияның «Олимпия» клубына қарсы матч мемлекеттік телеарналардан көрсетілмейді, себебі тараптар трансляция шарттары бойынша келісімге келе алмаған.

«Қайрат» бізден матчты көрсету үшін қаржылай төлем талап етті. Біз мемлекеттік телеарна болғандықтан, мұндай төлемдер біздің бюджетте қарастырылмаған. Біз өз алаңымыздағы матчты түсіріп, оның трансляциясын қарсы жақтағы матчқа айырбастауға дайын болдық. Бірақ клуб бұл ұсынысқа келіскен жоқ. «Қайрат» – жекеменшік клуб, бұл – бизнес, мұның бәрін түсінеміз», – деді Нағи Бақытбеков Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Тіпті, «Қайрат» келесі кезеңге өтсе де, трансляциялар болмауы мүмкін.

«Иә, алматылық ұжымның өз алаңындағы матчтар көрсетілмейді, өйткені клуб барлық үйдегі ойындарды көрсету үшін басқа арнамен келісімшарт жасасқан. Олар өздері түсіріп, эфирге шығарады. Ал сыр алаңдағы матчтар бойынша бөлек келіссөздер жүргіземіз», – деп нақтылады арна директоры.

Айта кетейік, осы аптада Еурокубоктарда тағы екі қазақстандық команда – «Ақтөбе» мен «Ордабасы» өз матчтарын өткізеді.

10 шілде күні кешке «Ордабасы» Грузияда Конференциялар лигасында «Торпедоға» қарсы ойнаса, ал 10-ынан 11 шілдеге қараған түні Еуропа лигасында «Ақтөбе» сырт алаңда Польшаның «Легиясымен» кездеседі.

«Биыл Еурокубоктарға төрт клубымыз қатысып жатыр: «Қайрат» – Чемпиондар лигасында, «Ақтөбе» – Еуропа лигасында, ал «Ордабасы» мен «Астана» – Конференциялар лигасында. Біз барлық клубқа қолдау көрсетеміз. «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Астана» клубтарының матчтарын көрсетеміз», – деді Нағи Бақытбеков.

Еске сала кетейік, «Олимпия» мен «Қайрат» арасындағы матч 8 шілде күні сағат 21:50-де QLeague арнасында көрсетіледі.

Айта кету керек, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтар – қазақстандық клубтар үшін маусымдағы ең маңызды ойындар. Топтық кезеңге шығу арқылы командалар өз бюджетін айтарлықтай арттыра алады.

Жалпы, Қазақстан клубтары арасында топтық кезеңге 2015/2016 жылғы маусымда «Астана» ғана өткен.