Клуб биыл легионерлерден бас тартқан болатын
Қызылордада облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсар» клубының өкілдерімен жиын өткізді.
Клуб биыл легионерлерден бас тартқан болатын. Өз кезегінде командаға тәжірибелі қазақ балалары алынып, олар аймақ абыройын лайықты түрде қорғау үшін өз мүмкіндіктерін көрсетуде.
Дегенмен, басқарма басшысы біраз уақыт бұрын команданың нәтижесін жақсарту мақсатында футбол клубтың директорына инвестор тарту, келесі тур ойындарына тәжірибелі 4-5 ойыншы алу, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу арқылы инвестиция көлемін арттыру туралы тапсырма берген болатын.
Жиында аталған мәселелер бойынша клуб директоры Талғат Әбдіғаппарұлы өз баяндамасын жасады. Айтуынша, қазіргі таңда «Қазгермұнай» АҚ команиясымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде командаға 30 млн теңгеге жуық қосымша инвестиция тартылмақ. Сонымен қатар, басқа да жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу жоспары бар екендігін жеткізді.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта «Қайсардың» сапына жаңадан 3 ойыншы қосылып, жасыл алаңда өз мүмкіндіктерін көрсететінін айтты. Сонымен қатар жақын арада команда құрамына тағы да тәжірибесі мол екі ойыншы қосылатынын жеткізді.
Бақтияр Артаев команданың бас бапкері Виктор Кумыковқа премьер-лига ойындарындағы нәтижені көтеруді және команда жетекшісі Мақсат Байжановқа клубтың нәтижесіне тікелей жауапты екендігін қатаң түрде ескертті.