Дархан Сатыбалды спорт нысандарын жаңғыртуға қатысты тапсырмалар берді
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистегі бірқатар ірі спорт нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйін тексерді. Әкімнің айтуынша, 1958 жылы салынған Орталық стадион бүгінде толық жаңғыртуды қажет етеді.
«Стадионды қазіргі заман талабына сай қайта жаңартып, жеңіл атлетика инфрақұрылымын сақтап қалу маңызды. Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы театр мен цирк сынды көршілес мәдени нысандармен жаяу жүргіншілер байланысын қалпына келтіруді тапсырдым. Билет сатуды цифрлық жүйеге көшіру де басты назарда», - деді қала әкімі.
Спорт сарайында ең алдымен спортшыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуы қажет. Дархан Сатыбалды мұз аренасынан бастап киім ауыстыратын бөлмелерге дейін барлық нысан жоғары стандарттарға сай болуы керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ, әкім спортқа бейім балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың жұмысымен танысты. 1935 жылы салынған ғимараттың қазіргі талаптарға сай келмейтіні ескеріліп, жаңа оқу-жаттығу кешенін салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары биылғы күзде басталмақ.
«Тиісті тапсырмалар берілді. Ендігі міндет — жобалау және құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау», - деді Дархан Сатыбалды.