Мбала Бомба Роджер биыл наурыз айында Шымкент қаласында ұсталған
Камерундық футболшы Қазақстанда есірткі сақтап, таратқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Otyrar сайты хабарлады.
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шетел азаматын орташа қауіпсіздіктегі колонияға қамау туралы үкім шығарды.
Мбала Бомба Роджер биыл наурыз айында Шымкент қаласында ұсталған. Тінту барысында одан 1,5 келіге жуық синтетикалық есірткі табылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол «синтетиканы» Telegram-арналар арқылы сатқан.
Дегенмен 33 жастағы аяқдоп шебері кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтап шығуды сұрады. Сөзіне қарағанда, ол Қазақстанға тек футбол ойнау үшін келген және есірткінің қолына қалай түскенін білмейді:
«Мен футболшымын және тек футболмен айналыстым. Бізден матч сайын қан сынамасы алынатын. Мен сіздер ойлағандай жаман адам емеспін. Бұл жағдайдың қалай болғанын өзім де нақты білмеймін», - деді ол.
Дегенмен футболшы визасының мерзімі өтіп кеткенін мойындады.