Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

«Мәңгі жүрегімде қалады». Бахтиер Зайнутдинов «Бешикташпен» қоштасты

Редактор
28.07.2025, 17:24

Бахтиер Зайнутдинов «Бешикташ» сапында екі жыл ойнады

instagram.com/bateka_11

«Бешикташтан» ресейлік «Динамо» клубына ауысқан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Instagram парақшасында мәлімдеме жасады.

Бүгін, 28 шілде күні, Бахтиер Зайнутдиновтің Ыстамбұлдың «Бешикташынан» Мәскеудің «Динамосына» ауысқаны ресми түрде расталды. Футболшы жаңа клубымен 2029 жылдың жазының соңына дейін келісімшартқа отырды. Құжатта тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Зайнутдинов «Динамода» №19 жейдемен өнер көрсететін болады.

Ресми хабарламадан кейін жартылай қорғаушы бұрынғы командасымен жылы қоштасып, клуб ұжымына алғысын білдірді:

«Қоштасатын сәт те келіп жетті. Мен үшін жай ғана команда емес, екінші үйіме айналған клубтан кетіп барамын. Шын жүректен клуб басшылығына, бапкерлер құрамына, қызметкерлерге және бірге жұмыс істеу бақыты бұйырған әр жанға алғыс айтқым келеді. Әсіресе, күн сайын қамқорлығын аямаған қызметкерлер мен дәмді тағам дайындаған аспаздарға ерекше алғысымды жеткіземін.

Сондай-ақ маған әрдайым қолдау көрсетіп, құрметпен қараған командадағы серіктеріме алғыс білдіремін. Біз алаңда нағыз командалық рухты бірге сезіндік. Жанкүйерлерге айтарым – сіздердің махаббаттарыңыз бен сенімдеріңіз әр матчта сезілді. Бұл команданың жейдесін мақтанышпен кидім.

«Бешикташ» менің жүрегімде мәңгі қалады. Клубқа тек жеңіс, трофей және жарқын болашақ тілеймін. Өз басым әрдайым осы команданың адал жанкүйері болып қала беремін», – деп жазды Зайнутдинов.

Айта кетейік, Бахтиер Зайнутдинов «Бешикташ» сапында екі жыл ойнады. Осы аралықта Түркия кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Еуропа лигасы мен Конференциялар лигасында өткен матчтарға қатысты.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама