Қазақстанның барлық жасөспірімдер мен жастар құрамаларын ресейліктер жаттықтырды.
ҚПЛ-дағы бірқатар клубтың бұрынғы бас бапкері Дмитрий Огай Қазақстан жасөспірімдер құрамаларының жаттықтырушылар штабына қатысты пікір білдірді. Бұл мәселені бұған дейін ұлттық құраманың бұрынғы баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен көтерген болатын.
Маманның айтуынша, көптеген елдің жасөспірімдер құрамаларында жергілікті жас жаттықтырушылар жұмыс істейді, сондықтан Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс.
«Әдетте жасөспірімдер құрамаларында жас мамандар еңбек етеді. Бұл жерде жергілікті бапкерлер жұмыс істеуі керек деген Ермұхамед Мәуленнің пікірімен келісемін. Білуімше, кейбір қазақстандық жас мамандарға жасөспірімдер құрамасымен жұмыс істеу ұсынылған, бірақ олар бас тартқан. Олардың неліктен бас тартқанын түсінемін», — деді Огай BorodAbata.kz-ке берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртулға жеке тоқталды.
«Скуртулды жақсы білемін. Оның УЕФА Pro лицензиясы және УЕФА нұсқаушысының лицензиясы бар. Ал оны алу үшін Еуропада оқу керек. Қазақстанда мұндай лицензия ешкімде жоқ. Скуртул - сауатты маман. Бізге «Барселонадан» жаттықтырушылар келеді деп ойлайсыздар ма? Өз мамандарымызды оқытып, солар осында тәжірибесін бөлісетіндей жағдай жасауымыз қажет», — деді ол.
Огай шетелдік мамандардың арасында еш пайдасы жоқтарға қарсы екенін атап өтті.
«Мен де төмен деңгейдегі шетелдіктерге қарсымын. 90-жылдары Қазақстанның барлық жасөспірімдер мен жастар құрамаларын ресейліктер жаттықтырды. Сол кезде-ақ дабыл қағу керек еді», — деп қосты бапкер.
Маман отандық лигалар тақырыбына да тоқталды. Оның пікірінше, бірінші лигада тек қазақстандық бапкерлер жұмыс істеуі тиіс.
«Бірінші лигада қазақстандықтар еңбек етуі керек. Бірнеше жыл бұрын ҚФФ: «Егер Pro лицензиясын алу бір адамға 7 миллион теңге тұрса, біз бапкерлерді не үшін оқытамыз, кейін олар үйде отыруы үшін бе?» деп мәселе көтерген еді. Қазір көп жағдайда бапкерлер таныс-тамыр арқылы жұмысқа орналасады. Агенттер өз бапкерлерін әкеледі, олар өз футболшыларын сүйрейді, сөйтіп бәрін басқарады. Бұл барлық дерлік клубта бар. Жас бапкерлерді аяймын, егер бір рет бас тартсаң, кейін еш жерге орналаса алмайсың», - деді Огай.
Сондай-ақ ол агенттердің ықпалы отандық футболдағы басты мәселелердің бірі екенін алға тартты.
«Егер біз бұдан құтылмасақ, футболымыз әрі қарай құлдырай береді. Агенттер өздеріне тиімді футболшыларды ғана сүйрейді. Көптеген клубтағы жағдай осы, ештеңе өзгермейді. Чемпионаттың ортасында бір клубтан 10 ойыншының басқа клубқа ауысқанын көрдіңіздер ме? Бұл өте күлкілі жағдай», - деп түйіндеді маман.